Страница книги

Ыбырай Алтынсарин

Балаларға арналған әңгімелер

Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш

Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:
— Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр?
— Көремін, өрмек тоқып жүр.
— Анау құмырсқаны көремісің?
— Көремін, аузында бір нанның ұсағы бар, жүгіріп кетіп барады.
— Жоғары қара, аспанда не көрінеді?
— Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар.
Сонда атасы айтты:
—Олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған әбірет Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзіне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның усағын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан үйіне жүгіріп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де құдай тағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс істеуге әдеттену керек, — деді.

Бір уыс мақта

Бiр кiшкентай қыз әкесiнiң шапанын жамап отыр екен, шешесi қасына отырып, ақыл айтты:
— Балам, дүниедегi жаратылған жанды-жансыздардың ешқайсысының да керексiз болып, жерде қалатыны болмайды, — деп. Сол сөздi айтып отырғанда, қыз бала киiмiн жамап болып, жердегi мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:
— Әже, осы қиқымның еш нәрсеге керегi бола қалмас, — деп.
Шешесi:
— Балам, сол да жерде қалмайды, — дедi. Осылайша сөйлесiп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтерiп ұшырды, мұны бiр торғай көрiп қуып барып, мақтаны тұмсығына тiстеп қана алып, ұшып кеттi. Қыз әжесiнен:
— Манағы мақтаның қиқымын бiр торғай алып кеттi, оны неғылады? — деп сұрады. Әжесi айтты:
— Көрдiң бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздiң келгенiн. Ол кiшкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етедi, — дедi.

Мейірімді бала

Қытай жұртында ескі заң бар, біреуді алдағандығы мойнына түскен кісінің қолын кесе-тұғын. Бір төре осындай іспен күнәлі болып, әлгі айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлі төренің жас қыз баласы «әкем үшін жауап беремін» деп, мәлім болды. Қызды патшаға алып келісті.

— Тақсыр патшам, — деді қыз, — менің әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшін қолынан айрылуы керек болды. Мінекей, тақсыр, әкемнің қолы, —деп өзінің қолын көтерді. — Бұл қол да менің жазықты болған атамның қолы, бірақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейді. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесіп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға.

Патша баланың мұнша атасына мейірімділігіне рақымы келіп, төренің күнәсін кешті дейді.

Түлкі мен ешкі

Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шыға алмай тұрғанда, бір ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға кез болып, түлкіні көреді.
— Ей, түлкі батыр, не қылып тұрсың? — депті.
— Ой, не қыласың, жаным жай тауып тұр. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім. Апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп тұнық суы бар екен, — депті түлкі .
Мұны естіп ешкі: «Мен де салқындайын, әрі су ішейін», — деп ойлап, секіріп апанға түсіпті. Сонда түлкі секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне табан тірепті де, ырғып далаға шығып, жөніне кетіпті.
«Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар» деген сөз осыдан қалыпты.

Сауысқан мен қарға

Ала сауысқан бір бұтақтан бір бұтаққа шығып, тынбай шиқылдай беріпті, қасындағы кұзғын-қарға үндемей отырыпты-мыс. Сонда сауысқан:
— Қарға тамыр, сен неге үндемейсін, әлде менің айтқан сөздеріме нанбай отырмысың, — депті.
Оған қарға айтты дейді:
— Рас, сауысқан мырза, еркін сөзіңе наныңқырамаймын; саны-сапасы жоқ көп сөйлеген мылжың шын сөзді азайтады деп білемін, — депті-міс.