«Ұстанымына нық қайсар ақын» атты кездесу кеші
27.09.201927 қыркүйек күні Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, Бақтыбай Айнабековтың 70 жасқа толуына орай «Ұстанымына нық қайсар ақын» атты кездесу кеші болып өтті.
Мақсаты: оқырмандарды жерлес ақынның шығармашылығымен таныстырып, жас тілшілер мен кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу. Ақынның өлеңдері арқылы халқына, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту.
Шараға ақын Файзулла Сахиев, тарихшы Шайдарбекқажы Әшімұлы, кітапхана оқырманы зейнеткер Әбибулла Шерімбетов, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы І.Нәрзілдаев және «Жаңақорған тынысы» газетінің журналистері мен әдебиет әлемінде жүрген шығармашыл жастар қатысты. Шараны ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Мамыр Байдаулетов жүргізді.
Шара барысында Жаңақорған ауданының құрметті азаматы І.Нәрзілдаевтың құттықтау сөзімен ашып, қадірлі қонақтар сөз алып, мерейтой иесінің шығармашылық әлемінен жан-жақты сыр қозғаса, жастар жағы осы сәтті пайдаланып сүйікті қаламгеріне көкейінде жүрген қызықты сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Сырласу стилінде өткен жүздесудің ерекшелігі де сол – мұнда жазушы бұған дейін ешбір жерде айтылмаған тың дерек, қызықты сәттерімен бүкпесіз бөлісті. Оқырмандарына жан сырын ақтарды.
Оқушылар ақынның «Жылдар, жылдар», «Бесарық», «Менің далам» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды және өнер мектебінің шәкірттері Дариға Шахарбаева «Адай» күйін төгілтіп орындаса, ал Абдумажит Аяулым «Абыздың аталы сөзі» термесін тамылжыта орындады. Кеш соңында жас ақындар мүшайрасының жеңімпазы, №162 орта мектептің 6 сынып оқушысы Ақбай Ерасыл ақынға арнауын оқып, ақын кітабынан қолтаңба алды.