Кітапхана тарихы

01.09.2018 0 Автор admin
Жаңақорғанның алғашқы іргесі 1803 жылы қаланған. Жаңақорған ауданы болып 1928 жылы 17 қаңтарда құрылған. Түркістан уезі таратылады да бұрынғы Жаңақорған болысы ауданға айналдырылады. Аудан орталығы Жаңақорған елді мекені болып белгіленді. Ал ауданда кітапхананың негізі 1938 жылы қаланды. Олар: 1 аудандық кітапхана, ауылдық кеңестердің жанында 12 кітапхана жұмыс істеген. Сол кездегі  кітап қоры 976 дана болған. 1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде мәдениет саласының қызметкерлері және кітапханашылар елде қалған еңбекшілерге мәдени қызмет көрсетті. Олар еңбеккерлер арасында күнделікті газеттерді дауыстап оқып беріп, майданнан хабардар етіп отырды. 1947 жылы №1 «Қызыл отау» (меңгерушісі Манап Көкенов) кітапханасы ашылды. Малшылардың жазғы жайлауларын аралап, көшіп-қонып мәдени қызмет көрсетті. 1953 жылы ауданда 7 кітапхана болды. Мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базалары бұрынғы жылдармен салыстырғанда жақсара түсті. 1972 жылы аудандық кітапхана типтік жобада салынған екі қабатты кітапхана үйіне көшірілді. Ауданда 1 орталық кітапхана, 1 орталық балалар кітапханасы, 24 ауылдық кітапхана жұмыс істеген. Бұлардағы кітап қоры 164,7 мың дана, оқырман саны 13,7, кітап берілімі 172,9 мың дана. 1975 жылы көпшілік кітапханаларды орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне көшіру системасына сай, Жаңақорған аудандық кітапханасы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» болып аудандық кітапханада кітапхана қорын толықтыру бөлімі ашылып кітап қорын бір орталықтан толықтырылды. Яғни осы кезде ауданда 1 орталық, 1 орталық балалар кітапханасы, 31 ауылдық кітапхана жұмыс істеді. Бұлардағы кітап қоры 214,7 дана, оқырман саны 16111, кітап берілімі 218,9 мың дана. 1990 жылы ауданда 38 кітапхана, кітап қоры 836,0 данаға жетті. 28 мыңға тарта оқырманы болды. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары кітапхана жұмысын тиімділігін арттыру оңтайландыру жұмыстары жүрді.       1995 жылы ауданда 31 кітапхана, кітап қоры 368,9 мың данаға жетті. 26,9 тарта оқырманы болды. Оңтайландыру кезінде 5 кітапхана жабылып қалды. Ал қазіргі таңда «Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің аудандық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты 36 кітапхана аудан көлеміндегі 76523 тұрғын халыққа кітапханалық қызмет көрсетеді. Олар 1 орталық кітапхана, 1аудандық балалар кітапханасы, 2 Кенттік кітапхана, 32 ауылдық кітапхана. Осы 36 кітапхананың 1-уі типтік ғиммаратта, аудандық балалар кітапханасы аудандық кітапхананың 1 қабатында, 16-кітапхана ауылдық клуб үйлерінде, 7-уі ауыл мектептерінде, 5-уі әкімшілікте, 1-уі мәдениет үйінде,  2- кітапхана аудандық кітапхананың баланысындағы бейімделген ғимаратта, 3-кітапхана жеке үйлерде орналасқан. 2002 жылы Кітапхананың материалдық-техникалық базасы бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір жақсарды. Аудандық кітапханаға 1 компьютер алынды. 2004 жылы аудандық кітапханаға Республикалық кітапханалық ақпараттық жүйені автоматтандыру РАБИС бағдарламасының үш модулі «Каталогизатор», «Ізденіс, тапсырыс», «Оқырмандарды тіркеу» орнатылды. Сол күннен бастап Электронды каталогқа кітаптар мен мақалалардың сипаттамасы енгізілді. 2008 жылы РАБИС бағдарламасының 6 модулі толығымен енгізілді. Олар: «Каталогизатор», «Ізденіс, тапсырыс», «Оқырмандарды тіркеу», «Кітап берілімі», «Келушілерді тіркеу», «Жүйе администраторы» 2008 жылы аудандық кітапханада Электронды зал ашылып, ондағы компьютерлер Мегалайн желісі арқылы Интернет жүйесіне қосылып оқырмандардың сұранысы қанағаттандырылды.