«Ерікті болу – ерлік»

26.02.2020 Выкл. Автор admin
«Ерікті болу – ерлік»

26 ақпан күні Жаңақорған аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен  2020 жыл – Еріктілер жылы болып жариялануына орай  «Ерікті болу – ерлік» атты дөңгелек үстел өткізілді. Мақсаты өскелең ұрпаққа болашаққа бағдар беретін, білімді, саналы, еліне адал қызмет ететін, патриоттық сезімі жоғары тұлға тәрбиелеу. Шараға  «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Н.Орынбасаров, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі, «Жаңарған Жаңақорған жастары»  еріктілер тобының белді мүшесі Ә.Әбдіш, Өзгент ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі маманы Д.Оразбеков және Жаңақорған аграрлы–техникалық колледжінің студенттері мен №3 мектеп-интернатының оқушылары, ұстаздары қатысты. Қатысушылар биылғы еріктілер жылының маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта жасайтын жұмыс жоспарларымен бөлісті. Студенттер мен оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, еріктілікке қатысты танымдары кеңейді. «Еріктілік — жүрек қалауы» атты кітап көрмесімен танысты. Модератор  Н.Орынбасаров – «Алдағы уақытта еріктілердің атқаратын жұмыстары өте көп. Биыл ерекше қозғалған күш алдағы уақытта жалғасын табады деген сенімдеміз. Ауданымыздың барлық азаматтарын қоғамға пайдасын тигізуге айналасына жанашыр болуға, елін жерін шынайы сүйетін патриот, белсенді болуға шақырамын» — дей отырып шараны қорытындылады.