«Домбыра — дала киесі»
01.07.2021Жаңақорған аудандық кітапханасының Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі 1 шілде — Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра — дала киесі» атты домбыра пати ұйымдастырды. Мақсаты: Ел өмірі мен тарихының, өнері мен мәдениетінің ажырамас байлығы, төл мұрасы саналатын қазақтың дәстүрлі ұлттық музыкалық аспабы — домбыра туралы мағұлмат беру.
Жуырда Елбасының Жарлығымен алғаш рет елімізде шілденің бірінші жексенбісі Қазақ халқының киелі де қасиетті музыкалық аспабы Ұлттық домбыра күні деп белгіленді.
Бұндай тағылымы терең, мазмұнды мерекенің өтілуі — Ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық.
Домбыра – ол қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасырлық серігі болғаны тарихтан белгілі. Сондай-ақ, күй күмбезін көкке өрлеткен көненің көзі, тәңірдің құдіреті саналған. Домбыраның әуенімен қазақтың талай күйшілері, ақын-жыраулары мен сал-серілері музыка әлемінде жыр төгілтіп, күй шерткен. Осы орайда, белгілі ақын-жазушы Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген нақыл сөзі бар қазақтың жүрегінде лүпілдеп соғып тұрғандай. Мәдени шараға студенттер мен мектеп оқушылары, өнер сүйер қауымы қатысты.
Шара барысында Әлшекей атындағы өнер мектебінің әншілері мен мектеп оқушылары қасиетті қара домбырамен қазақтың халық әндері мен күйлерін өз нақышына келтіріп ойнап берді.
Бүгінгі Ұлтық домбыра күні ән айтып, күй орындайтындардың ғана тойы емес, ол барша қазақтың інжу маржан мұрасы ретінде халқымыздың терең тамырлы санасымен байланысты, бүкіл халықтық мәндегі «рухани жаңғыру» үлгісі ретінде өкізіліп отыр.
Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті Домбырамызды өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық.
Ел егемендігі жолындағы халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын осындай тағылымы мол мәдени шаралар көп болса, тәуелсіз қазақ елі «Мәңгілік Елге» айналары сөзсіз.