«Сырдың азаматы, өнердің қазанаты» атты байқау
28.04.202228 сәуір күні Жаңақорған аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен 2022 жыл — Балалар жылына орай, балалар ақыны А.Сопыбековтың туғанына 85 жыл толуына байланысты аудан көлеміндегі оқушылар арасында «Балалар әдебиетінің абызы — Адырбек» жобасы аясында «Сырдың азаматы, өнердің қазанаты» атты байқау өткізілді.
Мақсаты: Ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақты рухани баулу, ақынның рухани, мәдени мұраларын келешек ұрпақтың санасында жаңғырту және тәуелсіз елдің дарындарын қалыптастыру, балалардың оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, шығармашылықпен айналысуға бейімдеу.
Байқау 3 бөлімнен «Өлеңінен керемет сыр өрілген» деп аталатын 1-ші бөлімде қатысушылар ақынның шығармашылығынан «Сынық әйнек», «Кітап», «Менің әліппем» атты өлеңдерін жатқа айтып, «Төлдер мінезі» атты 2-ші бөлімде ақынның төлдер, жан-жануарлар туралы өлеңдерінен 1 өлең жатқа оқыды және «Балаларға базарлық» атты 3-ші бөлімде ақынның мысалдар, жұмбақ, ертегі, аңыз өлеңдерінен 1 өлең жатқа айтып сайысқа түсті.
Шараға А.Сопыбековтың жұбайы Шарипа Шерімбетова мен қызы Ләззат Сопыбекова және ауданымыздың ауылдық 19 мектептен және аудан орталығындағы 4 мектептен жалпы 39 оқушы қатысты. Әділқазылар алқасының мүшелері Адырбек мұраларының сақтаушысы, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Ә.Шерімбетов, Жаңақорған ауданының Құрметті Азаматы, ардагер-ұстаз Ү.Абибуллаев, «Жаңақорған тынысы» газетінің журналисті А.Алданазар байқауға қатысқан әрбір баланы мұқият тыңдап, бағасын беріп, 10 оқушыны келесі кезеңдерге өткізді. Нәтижесінде көркем мәтінде оқу шеберлігі, сахнада өнер көрсету мәдениетін озық үлгіде көрсеткен №51 мектептің 2 сынып оқушысы Оразбек Бақдаулет l орын, №2 Кенттік кітапхананың атынан қатысқан өнер мектебінің оқушысы Тұрсынбек Інжу ІІ орын, №169 мектептің 4 сынып оқушысы Әбдікамал Кәусар ІІІ орынға ие болды. Барлық қатысушыларға Шарипа апа мен кітапхана директоры Асемкул Тилеубергенова арнайы сыйлықтары мен алғыс хаттарын тапсырды.