«Тұлғалыққа бір қадам» атты кітап бәйгесі
23.04.2022
23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай «Тұлғалыққа бір қадам» атты кітап бәйгесін ұйымдастырудың басты мақсаты: біріншіден, бүлдіршіндерді кітап оқуға баулу, екіншіден, әдеби, көркем туындыларды оқу арқылы тіл тазалығын сақтау, яғни кейінгі кезде етек алып кеткен тіл қойыртпағының алдын алып, бала санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру. «ОЗАТ» оқу орталығы мен Жаңақорған аудандық кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырған кітап бәйгесіне төрт жүзден аса оқырман қатысты. 2-4 сынып, 5-8 сынып, 9-11 сынып оқушылардың жас ерекшелігіне қарай қазақ және әлем классиктерінің кітабы оқуға ұсынылып, үш кезеңде оқыған білімін тест тапсыру арқылы сараланды. Ұсынылған шығармалардың арасында Г.Х.Андерсон «Таңдаулы ертегілер», «Су перісі», «Ғажайып ертегілер», Б.Соқпақбаев «Менің атым Қожа», Ә.Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар» шығармаларын бәйгеге қатысушы оқырманның түсініп оқығаны, талғамды қалыптастырғаны айқын білінеді.
Шараны «Шаттық» би тобымен ашылып, аудандық кітапхананың кітапханашысы Кадирбергенова Мақпал жүргізіп отырды.
№110 мектеп-лицей оқушысы Тасболат Азизбек «Сен қазақтың баласы», №163 орта мектептің оқушысы Абдулла Мұхтар «Қазақстаным», Айдарбек Молдабек «Қазағым» атты әндерді нақышына келтіре орындады. Шара барысында кітап сүйер оқырманымыз Ә.Шерімбетов және алғашқылардың бірі болып сөз алған «Жаңақорған тынысы» газетінің міндетін атқарушы Б.Үсейінова кітаптар жайында мәліметтер келтіріп, жастар ресурстық орталықтың басшысы Н.Орынбасаров пен аудандық кітапхананың директоры А.Манапқызы қорытындылай келе адамның бойындағы рухани байлықтың көзі – кітап. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Осы орайда шараның алға қойған мақсаты да кітап оқылуын насихаттау, қазақ қаламгерлерінің кітаптарының таралуына ықпал ету, оқырмандар тарту, тәрбиелеу, қалыптастыру, жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуін қамтамасыз ету екенін тілге тиек етті.
«Озат» оқу орталығының мамандары А.Нұртаева мен Ш.Қалиева өз сөзінде біріншіден, оқырманның қызығушылығын оятса, екіншіден, қазақ тіліндегі кітаптың оқылуына, болашақ ұрпақтың ой-өрісі кеңейіп, ¬ дамуына қосқан үлес екенін атап өтіп, сол үшін жасалып жатқан қадам екенін тілге тиек етті. Барша азаматтарды осы ізгілікті істі насихаттап, қолдағандарына алғысын білдірді.
Кітап бәйгесінің жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.