«Әйел — от анасы, қоғам берекесі» атты мерекелік кеш
05.03.2022Жаңақорған аудандық кітапханасының Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Әйел — от анасы, қоғам берекесі» атты мерекелік кеш болып өтті.
Мақсаты: анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, Ананы құрметтеу, сыйлай білуге, адамгершілікке, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу.
Шараға аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы түрлі салада қызмет атқарған әйел-аналар, әлеуметтік қызметкерлер қатысты.
Шараны ашқан аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Аягөз Айдосова кешке қатысушы қонақтарға жүрекжарды лебізін білдірді.Сондай-ақ кітапхана директоры Әсемкүл Тілеубергенова қонақтарға сөз кезегін берді. Олардың қатарында еңбек ардагері, аудандық әйелдер кеңесі төрайымы Әзия Қыстаубаева: «Әйел – ұрпақтың тәрбиешісі. Әйел қандай болса қоғам сондай. Кешегі қаңтар оқиғасы бізге бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне түскен сынаға сын көзбен қарауымызды қажет етеді. Бұл тұрғыда жанды да, жанашыр жұмыстар қажет» десе, кезінде техниканы бағындырып, халық қалаулысы атанған Айша Наубаева: «Мен кезінде социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде қатарынан екі рет туристік сапарға жолдама алып, 1977 және 79 жылдары Киевте, Харьковте, Одессада болған едім. Бүгінгі күндері сол аймақты отқа ораған қақтығыстарға жүрегім қан жылап, бауырмал ұлттың басындағы қасіретті жағдайдың бейбіт шешілуіне шын пейілмен тілектестікте отырғанын айтса, осы шараға қатысушы еңбек ардагерлері – Зәуреш Әметова, «Ақ балапан» балалар бақшасының меңгерушісі Рысжан Төлепбергенова сөйлеп, ақ тілектерін ортаға салды. Сонымен қатар «Кәусар» балабақшасының балалары Ержанқызы Раяна мен Қуаныш Ернар «Ақ дидарлы анашым» атты әнді орындады. Ақын Е.Мұстафаев «Ана бақыты» атты монолог оқыды. Әлшекей өнер мектебінің мұғалімі А.Қалдыбаева Дәулеткерейдің күйі «Кероғлы» күйін орындаса, М.Көкенов атындағы мәденеит үйінің өнерпазы М.Халила «Абзал ана» атты әнді нақышына келтіре орындады.
Кеш соңында кітапхана қызметкері Әсем Сағатқызы «Ана – ұлт тәрбиесінің артын қазығы» атты кітап көрмесімен таныстырды.