«Таланты тұнық Тастаев»
11.11.2022Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен термеші, ақын Н.Тастаевтың туғанына 65 жыл толуына орай «Таланты тұнық Тастаев» атты өнер сағаты болып өтті. Мақсаты: Жерлес ақын, сазгер, Нұрберген Тастаевты еске алып, оқырмандарды шығармаларымен таныстыру.
Шарада термеші Нұрберген Назарұлы жайлы есті естелік өрбітіп, мазмұнды әңгіме айтты.
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуында айрықша рөл атқаратын бай тарихы бар Ұлы Дала елінің бір пұшпағы саналатын Сыр өңірі ұлт мәдениетінің ұлы көшін жасаған өлке. Иә, «Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұраның көмбесі Қызылорда жайлы Елбасының берген бағасы. Расында, өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік. Жазиралы Жаңақорған жерінде де Сыр сүлейлерінің ізі жатыр. Қаншама ақын-жазушылар мен сазгерлердің сазды әуендері халықтың сүйікті әніне айналды. Сазгер Нұрберген Тастаевтың 50-ге жуық әні болса, соның ішінде «Көңіл сыры», «Гүлім», «Туған жер» сынды әндері әлі күнге халықтың сүйіп тыңдайтын әніне айналды. Осындай, арда азаматтарды ардақтау, кейінгі жас буынға насихаттау біздің борыш деп білеміз.
Өнер сағатына қатысушылар Нұрбергеннің әнін орындап, соңында еркін тақырыптағы әнін жалғастырады. Сазгердің сырлы әндеріннен шашу шашқан жас өнерпаздар бар өнерін ортаға салды. Әсіресе, дәстүрлі әндер дәріптеліп, ұлттық музыкамыз ұлықталды.