«Газет — елдік пен ерлік жаршысы» кездесу кеш

28.03.2023 Выкл. Автор editor
«Газет — елдік пен ерлік жаршысы» кездесу кеш

Биыл Жаңақорған аудандық төл басылымы – «Жаңақорған тынысының» 90 жылдығына орай тақырыптық шаралар өткізу белгіленген. Соның кезекті бір шарасы аудан орталығындағы Адырбек Сопыбеков атындағы кітапханада ұйымдастырылды. Шарада аудандағы ардагер журналистер, көп жылдар газетпен қарым-қатынасын үзбей, тұрақты авторы болып келе жатқан тұлғалар бас қосты.

Жиынды ашқан аудандық Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов оқырманға күнделікті ақпаратты жеткізіп отыруда байыпты сараптама, нақты тұжырымға ғана сүйенетін баспасөздің маңызына тоқталып, тоқсан жылдық тарихы бар төл басылымның беттерінде таңбаланған өміршең тарихтың өнегелік маңызына тоқталды. Секунд сайын жаңаланып отыратын сайттардан газетті айрықшалайтын басымдықтарға тоқталып, газеттің биылғы атаулы мерейтойына мән дарытатын маңызды жобаларды ортаға салды. Келесі кезекте оқырмандар экраннан газеттің шежіресіне арналған бейнесюжетті тамашалады.

Бүгінгі жиынның қонағы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақ журналистикасының қайраткері, аудандық «Ардагерлер мерейі» газетінің бас редакторы Пахмаддин Айнақожаев сөз алып, өз өмір жолы туралы айта келе әріптестері туралы еске алды.

Сол сияқты руханият жанашырлары қатарында Еуразия ассоцациясының тарихи мұраларды насихаттау қоғамының құрметті мүшесі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, зейнеткер-тарихшы Шайдарбек Әшімұлы, ауылшаруашылығы саласында бірнеше рет аудандық, облыстық жарыстардың чемпионы, кезінде аудандық кеңестің депутаты болған, газетіміздің қазір де тұрақты авторы, қосүйеңкілік қаламгер Мұсабек Қалмұратовтар да өз кезегінде мазмұнды естеліктерімен бөлісті. Одан әрі ардагер журналист Ерубай Қалдыбек сөз алып, өзінің төл басылымда 2000 жылдан бастап фототілші қызметін атқарған жылдар бедеріндегі суреттер шежіресі мен газет тігінділерін архивінде сақтап келе жатқандығын айтты.

Ардагер журналистермен кездесуде оқырмандар қатарында кент орталығындағы білім ошақтарында оқиьын, келешекте тілші боламын деп талаптанып жүрген шәкірттер кезекпе-кезек сауалдарын қойды. Олар өздері таңдаған мамандығының болашағы тұрғысында ой қозғады.