«Шәкәрім оқулары» атты аудандық байқау

20.02.2024 Выкл. Автор editor
«Шәкәрім оқулары» атты аудандық байқау

20 ақпан күні  Жаңақорған аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 166 жыл толуына орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен Республикалық Шәкәрім мұраларын жатқа айту байқауының  «Шәкәрім оқулары» атты аудандық байқау кезеңі  өткізілді.

Мақсаты: Қазақ халқының ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын насихаттау; Шәкәрім өлеңдерін жаттауды қолға алу; жасөспірімдерді ұлы баба мұрасын терең игеріп, танымдық мәнін меңгеруге талпындыру; кітапхана оқырмандары, жаңа буынның интелектуалдық пайым-парасатын арттырып, отансүйгіштігін қалыптастыруға ықпал ету.

Шараға  аудан бойынша 12 оқушы қатысып, (І кезең: «Талап» іріктеу кезеңі, ІІ кезең: «Білім» сұрақ-жауап кезеңі, ІІІ кезең: «Таза ақыл» кезеңдері бойынша  бақ сынады) нәтижесінде  байқауға қазылық еткен әділқазылар мүшелері аудандық білім бөлімінің әдіскері, қазақ тілі  маманы  Д.Айдарова, М.Көкенов атындағы өнер мектебінің меңгерушісі У.Ибрагимов,  «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Ә.Рзаева  байқауға қатысқан әрбір баланы мұқият тыңдап, бағасын берді.

Шара барысында оқушылар Шәкірімнің өлеңдерін  жатқа оқып, бас жүлдені  №110 мектептен 6 сынып оқушысы Сатыбалды Іңкәрімай  ие болып, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткізілетін байқауға жолдама алса, 1-ші орынды №163 мектептің 7 сынып оқушысы Талғат Айшабибі, №208 Кейден ауылдық мектебінің 8 сынып оқушысы Нұрәділқызы Айдидар ІІ орынға, №213 Әбдіғаппар ауылдық мектебінің оқушысы Тасболат Бақдәулет ІІІ орынға ие болды. Барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттары  тапсырылды.