Шұғаның белгісі
15.11.2024Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Шұғаның белгісі» хикаятынан оқырмандар конференциясы өтті.
Мақсаты: жазушы Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттай отырып, оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеу. Кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.
Конференцияны кітапханашы А.Көшербаев жүргізіп, көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің өмір жолы мен шығармашылығы жайлы мағлұмат беріп өтті. Биік парасатты, аса көрнекті жазушы, сөз зергері Бейімбет Майлин қазақтың біртуар ардақты азаматы. Ұшқыр ой-зердесімен, аса жүрдек қаламымен алуан түрлі сөз өрнегін салып, рухани бай қазына қалдырып кеткен сан қырлы дарын иесі. Конференцияда басты кейіпкер – Шұғаның бейнесі, әр-түрлі іс-әрекеттің даму барысы айқындалды. Шұғаның ажарлығымен қоса мінезінің салмақты, ұстамды, ақылды екенін көрсетеді. Өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді. Осы жайлы клуб үйінің қызметкері Г.Шермағанбетова әңгімелеп берді. Шұғаның зеректігі, білімпаздығы жайлы №209 орта мектебінің 9ә сынып оқушысы Әбілқасым Аруна жан-жақты талдап айтып берді. Оқырмандар бір-бірін сүйген екі жастың – Шұға мен Әбдірахманның арманына жете алмаған трагедиялық халі туралы ойларын ортаға салып, пікір алысты. Оқушылар Жұманқызы Айгерім, Саттарқызы Мәншүк, Төлеген Аделия, Талғатқызы Алтынайлар шығармадағы басты кейіпкерлер жайлы өз ойларын айтып, жарыса жауап берді. Бұл шығармада ескі қазақ қоғамындағы ең өткір мәселе – әйел теңсіздігі жайлы сөз болған. Конференция барысында Шұға арқылы махаббат жолындағы адалдықты, сертке беріктікті үйренуге болатынын, кітапты оқи отырып, оқырманға берер құндылықтары көп екені жайлы жан-жақты айтылып, сараланды