Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан
13.12.2024Түгіскен ауылдық клуб үйінде 2024 жылдың 13 желтоқсан күні клуб,кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан» тақырыбында тарихи кеш өтті. Мақсаты: Оқушыларға Тәуелсіздік күнінің маңыздылығы туралы мәліметтер беру.Желтоқсан оқиғасында елдің қамын жеген аға — әпкелерді үлгі тұту, ерлік жолдарын есте сақтау,жастарға насихаттау.
Кешті клуб үйінің қызметкері М.Жексенбаев жүргізді.Кешімізге Ә.Әбутәліпов атындағы № 209 орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Тайбекова Патшагүл Бейсенбайқызы қатысты.Патшагүл апайымыз 1983 – 1987 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтында «физика» факультетінде оқыған, «Желтоқсан» оқиғасының куәгері. Сол кездегі солақай саясаттың құрбаны болған өзінің құрбы-құрдастары жайлы,сол кездегі елім,жерім деп билікке қарсы шыққан қазақ жастары туралы әңгімелеп берді. Қазақ жастарын аяусыз ұрып,мұздай су шашып,үлкен жүк көліктеріне мал секілді тиеп әкетіп,қала шетіндегі шұңқырларға апарып тасағаны жайлы айтып берді.Қаншама қазақ жастары қуғын-сүргінге ұшырап,түрмеге тоғытылды.№ 209 орта мектебінің оқушылары Патшагүл Бейсенбайқызына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Клуб үйі жанынан құрылған домбыра үйірмесінің оқушылар Бейсенбай Рамазан мен А.Әбілқасым Аружан «Ерке сылқым» күйін орындады. Кітапханашы А.Көшербаев көпшілікті «Желтоқсан – Тәуелсіздік белгісі» тақырыбында жасалған кітап көрмесімен таныстырды. Клуб үйінің қызметкері Л.Қожабаева «Желтоқсан желі» әнін орындады. Оқушылар «Тәуелсіздік» ұғымын қалай түсінесің? – деген сұраққа жарыса жауап берді.