Кітап – рухани сарқылмас қазына
02.04.2025
2 сәуір күні Жаңақорған аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ӘЛЕМ-ВООК жобасы аясында 2сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап – рухани сарқылмас қазына» атты қызықты кітаптар шеруі өткізілді.
Мақсаты: Оқушыларды кітаптарды құрметтей білуге, кітапты ұқыпты ұстауға баулу, оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін , қызығушылығын арттыру, кітаппен достастыру.
Мектеп оқушылары мен ата-аналардың, мұғалімдер мен жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен келелі басқосуды кітапхана директоры Әсемгүл Тілеубергенова ашып, жиналған жас оқырмандарға балалар әдебиетінің маңыздылығын кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, Шымкент қаласында өткен бесік жырын дәріптеуге арналған «Ұлт ұясы – бесік» байқауына қатысушы Жансая Төреманованы жеңісімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Республикалық Шәкәрім оқулары байқауының 2 орын жеңімпазы Оразбек Бақдәулетті арнайы алғысхатпен марапаттап, жылы лебізін білдірді. Рухани тағылымы мол мерекеде ауданымыздағы белсенді жас оқырмандар түрлі бағыттағы танымдық шаралар ұйымдастырып, келуші қонақтардың қошеметіне бөленді. Атаулы шараға арнайы шақырылған ақын Файзулла Сахиев кітапсүйер жас оқырмандарды мерекемен құттықтап, өз шығармашылығынан балаларға арнауын оқыды. М. Қаратаев атындағы 51 мектептің 5 сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Ұлсерік Дөңгелбаева және мектеп кітапханашысы Қызғалдақ Нәрзілдаева шараның жоғары деңгейде өтуіне ерекше атсалысып, жас оқырмандармен ой бөлісті. Сонымен қатар, 110 мектеп-лицейінінің ұстаздары Гүлсара Оразбекова мен Гүлзат Байхонова мерекелік шараға қатысып, балаларға арнап әсерлі әңгімелер айтып, олардың сұрақтарына жауап берді.
Шара барысында әртүрлі танымдық және ойын түріндегі бағдарламалар ұйымдастырылып, балалар үшін арнайы кітаптар шеруі өткізілді. Кітаптар шеруін бірінші болып жерлесіміз, балалар ақыны Адырбек Сопыбековтың «Көңілді біздің күніміз» атты кітабы мен «Шешілген жұмбақ» кітабы бастап, келесі кезекті балалар ақыны Оразбай Қосановтың «Танысайық төлдермен» кітабы мен «Балаларға базарлық» кітабы жалғастырды. Атақты ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің «Таңдаулы ертегілері» мен «Қазақ халық ертегілері», Алдар көсе мен Қожанасырдың хикаялары, Әлемге әйгілі Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабы, балалар ақыны Байбота Қошым-Ноғайдың «Достық-жоралғы» кітабы және балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» сынды кітаптары көрмені толықтырып, балалар әдебиетінің таңдаулы туындылары ретінде таныстырылды.
Шара соңында балалар кітапханасының меңгерушісі Мейрамкүл Жиенбаева белсенді қатысушылар мен қонақтарға алғысын білдірді.
https://www.facebook.com/photo/?fbid=2463473010692586&set=pcb.2463478310692056&locale=ru_RU
Шараға 52 оқырман қатысты

