Ел рәміздері – еркіндік нышаны
04.06.2025
2025 жылдың 4 маусым күні №1 кенттік кітапхананың ұйымдастыруымен және «Арман мәдениет үйінің» қатысуымен «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» атты дөңгелек үстел өтті. Мақсаты: Оқырмандарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің маңызын түсіндіру, оларды құрметтеуге, мақтан тұтуға тәрбиелеу және патриоттық сезімдерін нығайту.
Іс-шараға мектеп оқушылары, мәдениет үйінің қызметкерлері мен кітапханашылар қатысты. Шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Көтеріңкі көңіл-күй орнатқан оқушылардан соң жүргізуші сөз алып, қатысушыларды мерекелік шарамен құттықтап, 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Мемлекеттік рәміздері бекітілгенін, бұл күн ел тарихында мәңгі сақталатын маңызды күн екенін атап өтті. Одан кейін жүргізуші дөңгелек үстелдің құрметті қонақтарымен таныстырды. Олар: Арман мәдениет үйінің әдіскерлері – Қарабекова Шакизат пен Әбілтанов Ерман және №1 кенттік кітапхананың кітапханашысы Сағатқызы Әсем. Алғашқы сөз кезегі Шакизат Қарабекова апайға берілді. Одан кейін қатысушылар назарына рәміздер тарихы мен мағынасына арналған қысқаша бейнеролик ұсынылды. Бейнеролик барысында Ту, Елтаңба мен Әнұранның тарихы, авторлары мен символикалық мағынасы кеңінен баяндалды. Бейнематериалдан соң, қонақтармен еркін пікір алмасу өтті. Жүргізуші «Рәміздерді насихаттаудың тиімді жолдары қандай?» деген сұрақ қойып, әр қонақ өз ойымен бөлісті. Шакизат апай рәміздерге байланысты мәдени іс-шараларды көбейту керек десе, Ерман мырза әлеуметтік желілер арқылы насихаттау маңызды екенін айтты. Ал кітапханашы Сағатқызы Әсем мектептерде оқушылармен патриоттық бағыттағы үйірмелер, сұрақ-жауап сайыстарын жиі ұйымдастыру қажеттігін айтты. Келесі бөлім – оқушыларға арналған танымдық ойын-сұрақтар бөлімі болды. Оқушылар үстел үстіне қойылған QR кодтарды таңдап, әрқайсысы жасырылған сұраққа жауап берді. Сұрақтар Елтаңбада бейнеленген тұлпарлар мен элементтер, Тудың түсі мен қыран құсының мағынасы, Әнұранның бекітілген жылы, авторлар туралы болды. Сондай – ақ Нұржан Нұргүлдің орындауында «Айналдым елім» әні шырқалып, барша қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара соңында жүргізуші Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың парызы екенін айтып, дөңгелек үстелді қорытындылады. Іс-шара соңы естелік суретке түсуге ұласты.

