Ғылымның шыққан шыңына
03.07.2025
Қосүйеңкі ауылдық кітапхана меңгерушісі П.Алжанова мен ауыл тұрғындары мен ағайын туыстары, әкім аппаратымен бірлесе белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының туғанына 95 жыл толуына орай “Ғылымның шыққан шыңына”атты ғалымның туған жері Қосүйеңкі ауылына қарасты Ынтымақта ғылыми-танымдық іс-шара өтті. Іс- шараға құрметті қонақтар, ел ағалары, ғалым, жазушы мен ағайын-туыстары қатысты. Тақырыпқа сай Әбжан Құрышжанұлының өмір жолы жайлы кеңінен мағлұматтар айтылды. Жиынды Қосүйеңкілік абыз ақсақал Тұрсынбек Мырзахметовтың бата беруімен басталды. Жазушы, ақын, журналист Мағираш Тұрсынова ғалымның өмірбаяны жайлы, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Үсенбаева ғалымның еңбек жолы, шығармашылығы туралы баяндама жасады. Филология ғылымдарының профессоры Гүлсара Алтынбекқызы, қарындасы педагог-зерттеуші Дүйсенова Гүлмира Әбутәліпқызы, бауыры Еркін Әбутәліпұлы Құрышжанов, Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, ел ағалары Мадияр Ахметов, Алмас Нәлібаев ғалымның еңбек жолдарынан естелік айтып көпшілікпен ой бөлісті. Қосүйеңкі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалмұрат Мұсабекұлы ғалымның тағы бір қыры ақындығы жөнінде өз ойын ортаға салды. №161 орта мектебінің оқушыларымен бірге кітапхана меңгерушісі Перизат Алжанованың ұйымдастыруымен Әбжан Құрышжанұлының “Өмір өрнектері” кітабынан өлеңдерін оқып жиналғандарды риза етті. Іс-шараны Мейрамбек Күнпейісов жүргізіп, келген қонақтарға, қонақ күтуде белсенді қызмет еткен азаматтарға ризашылығын білдіріп алғысын жеткізді. Аруақтарға ас беріліп, Құран бағышталды. Өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие, ынтымақ-бірлікке бастау алар мазмұны терең мұндай іс-шаралардың мағынасы мен маңызы зор болмақ.
https://www.facebook.com/share/v/1HrbK7SxEX/

