Уақытқа сыр айтамын өлеңменен
13.11.2025
Поэзия – өмірім, жан әлемім,
Өлең жазсам бақытқа кенелемін.
Менің де жүрегімнен шыққан шерді,
Мұнтаздай жаны таза Муза дедім, – деп жырлаған жерлесіміз, журналист-ақын, Қ.Р Журналистер одағының мүшесі Мақпал Марқабайқызының «Уақытқа сыр айтамын өлеңменен» атты поэзиялық кеші 2025 жылы 13 қараша күні Руханият орталығының мәжіліс залында болып өтті.
Тоқсан жыл тарихы бар басылымның өндірісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, заманға сай жаңа бағытты қатар игеріп, әрі өзінің ақындық қабілетімен танылып жүрген Мақпал Марқабайқызының тілшілік қызметіне 10 жыл. Осы мақсатта ақын, тілші Мақпал Марқабайқызының жеке шығармашылық кешіне арнайы «Сыр Медиа» ЖШС-нің бас директоры Марат Аралбаев, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, ҚР Журналистер Одағының Қызылорда облысы бойынша төрағасы Қуат Шарабидинов және ақын, облыстық журналистер одағының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбетовтер келіп, жүрек жарды ыстық ықыластарын білдірсе, Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова, кент әкімшілігінің маманы Алма Мамирова және А. Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың директоры Әсемкүл Тлеубергенова Мақпал туралы пікірлермен бөлісіп, шығармашылық шабыт тіледі.
А. Сопыбеков атындағы кітапхананың жанынан құрылған “Поэзия патшалығы” деген атпен үйірме мүшелері Мақпал Марқабайқызына өз арнауларын оқып, ұстаздары құттықтауларын айтып, құрбылары мен қызметтестері пікір білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Поэзия кешінде әсем әндер айтылып, өлеңдер оқылды, Мақпал ақынның шәкірттері №56 орта мектептің оқушылары Мақпалдың өлеңдерін жатқа айтып көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шараға 62 адам қатысты.
https://www.facebook.com/share/v/19z7FTdqz7/

