«Жекпе-жек»

16.03.2021 Выкл. Автор admin
«Жекпе-жек»

16 наурыз күні Жаңақорған аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен коворкинг орталығында биылғы «2021 жыл –   Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына» байланысты, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы  аясында,   тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай  насихатталатын  30 кітаптың бірі  балалар  жазушысы  Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» атты повестіне   арналған book-dating шарасы өткізілді.

Мақсаты: Жазушы Б.Соқпақбаевтың өмір жолымен, шығармашылығымен таныстыру, «Жекпе-жек» шығармасы  арқылы  оқушыларға  алдына мақсат қойып, арман жолында жеңіске жету үшін қиындықтан қашпау керектігін түсіндіру, еңбек етуге, ел мен  ер намысын қорғай білуге тәрбиелеу, кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру.

Шараға №169 мектептің 5 сынып оқушылары мен сынып жетекшісі О.Сакиева, мектеп кітапханашысы М.Бектурова қатысты. Кітапхана меңгерушісі М.Жиенбаева шараны ашып, «Бір ел- бір кітап» акциясы туралы мәлімет беріп,  жазушының өмір жолымен, шығармашылығымен таныстыратын  бейнероликті тамашалады. Оқушылар өздері оқыған Б.Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» повесінің негізгі кейіпкерлері кім, басты кейіпкер Мұраттың іс-әрекеті, физкультура пәнінің мұғалімі Николай Трофимович, мектеп директоры Тоқмолда туралы сұрақтарға жауап беріп, повестегі оқиғалар туралы әңгімеледі.  Кітапханашы Ж.Тулешова нәзік, аурушаң  ауыл баласы Мұраттың  үзбей жаттығу нәтижесінде спорт шыңына шыққанын дәріптеп, арман жолында қиындықтан қашпау керектігін ұғындырды және «Балалар әдебиеті – рухани қазына» атты кітап көрмесімен  таныстырды. Шараны сынып жетекшісі О.Сакиева мен кітапханашы Ж.Тайымбетова қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.