«Ең керемет күн»
08.04.20218 сәуір күні Жаңақорған аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Дәстүрлі отбасылық оқу» жобасы аясында, «Кітапханадағы туған күн» айдары бойынша «Ең керемет күн» атты туған күн кеші өткізілді. Мақсаты: Оқырмандардың мерекелер туралы ұғымын кеңейту. Туған күнді мереке ретінде жағымды қабылдай білуге үйрету, жақсы тілек айтуға дағдысын дамыту. Балаларды адамгершілікке, мейірімділікке, ауызбіршілікке, достыққа тәрбиелеу.
Мерекеге сай әсем безендірілген коворкинг орталығында өткізілген шараға кітапхананың кішкентай оқырманы Мәділ Жалынның отбасы мен бауырлары, кітапхана оқырмандары қатысты. Туған күн иесін музыка әуенімен қол шапалақтап қарсы алып, Ергеш Дамир ән орындаса, туған күн иесінің әжесі Сабира апа немересіне жүрекжарды тілегін білдірді. Қолында шарлары бар Сайқымазақ қатысып, тәтті пісіруші Аспазшының жоғалтып алған мерекелік кешке арналган тортын тауып беріп, балаларды қуанышқа кенелтті. Қатысушылар туған күн иесіне тілектерін айтса, С.Бейбіт «Жастар биін» билеп берді. Бұдан кейін Сайқымазақ «Кім тапқыр» ойынын ойнатса, кеш қонақтары Тоғжан, Дилназ, Адина туған күн иесіне арнаған тақпақтарын оқып берді. Шара соңында кітапханашы Жамила Тайымбетова кішкентай туған күн иесіне жылы лебіздерін білдіріп, кітапхана ұжымы атынан сый-сияпат тапсырды. Қонақтар туған күнге арналып жасалған дастарханнан дәм татып, ән айтып, би билеп кітапханадағы уақыттарын көңілді өткізді.