«Бала біздің болашағымыз» атты мерекелік мәдени шаралар
01.06.20221 маусым күні 2022 жыл — Балалар жылы аясында, аудан орталығындағы орталық алаңда 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Жаңақорған аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен балаларға арналған бір мезетте 12 түрлі «Бала біздің болашағымыз» атты мерекелік мәдени шаралар өткізілді. Шара аудандық балалар кітапханасының «Біздің ақылшымыз — кітап» атты кітап көрмесімен басталды. Көрмеде 2021 жылғы балалар әдебиеті сериясымен шыққан, балаларға арналған классик жазушылардың туындылары, халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері, балалар энциклопедиясы және бүлдіршіндерге арналған ертегілер, дыбысты кітаптар қойылып, кітапхана меңгерушісі М.Жиенбаева балаларға таныстырды. Қызықты оқиғаларды баяндайтын әртүрлі бағыттағы кітаптардан тұратын көрме өз оқырмандарына ерекше көңіл күй сыйлады.
«Даналар сөзі — ақылдың көзі» аталатын шарада қазақы ырым-тыйымдары, Ертегілер елінде» деп аталатын ертегі кітаптарының шеруінде Түгіскен ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Көшербаев Қарынбай батыр, Шалқия Кенттік кітапханасының кітапханашысы М.Еркінұлы Қожанасыр, Еңбек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Д.Айдарова Дударқыз, кітапханашы М.Кадирбергенова Күнікей қыз ертегілерінің кейіпкерлерін сомдап, Қожанасыр мен Алдар Көсенің алғыр ойлы, сөзге шешендігін, Күн астындағы Күнікей қыз бен Дудар қыздың ақылдылығын, Қарынбайдың мәрттігін, батырлығын, балалар ақыны, жерлесіміз А.Сопыбековтың «Күншуақ» кітабынан «Мысық пен Күшік» өлеңін кітапхана оқырманы І.Тұрсынбаева балаларға насихаттады.
«Жыл он екі ай» ертегісінің кейіпкерлері де көпшіліктің көзайымына айналды.
Балалар кітапханасының кітапханашылары Ж.Тулешова мен М.Бибасарова «Қоян мен түлкі» ертегінен қуыршақтар қойылымын көрсетті.
«Роботтар әлеміне саяхат» атты робототехника кереметтерін N51 М.Қаратаев атындағы мектептің ұстазы Элмира Сейсенова балаларды ғылыми -техникалық шығармашылыққа баулу мақсатында роботтардың құрылысымен, жұмысы мен қолданылуын, оған қоса олардың басқару, құрылысымен, механикалық, электр және электронды түрлерін таныстырды.
Кітапханашылар Ә.Сағатқызы және З.Садыкова «Алтын көпір» атты интеллектуалды шоуды жүргізіп, балаларға «Мақал — сөздің мәйегі» атты мақал — мәтел сайысын, салт дәстүрімізге сай қазақтың жөн — жоралғылары туралы сұрақтар қойды. Дұрыс жауап берген балаларға сый — сияпаттар берілді.
N2 Кенттік кітапханасының кітапханашысы Ғалия Машрапованың жүргізуімен «Дәрумендер бағы» атты зеректікті арттыратын ойын ұйымдастырылды. Ойынға мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты. Ойын барысында балалар алма ағашына жасырылған суреттерді сандар арқылы тауып, суреттегі жемістер-жидектер үлестірілді. Балалар жақсы көңіл күймен тарқасты.
Машбек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ж. Дүкенбаева мен Бесарық бекеті ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Қасымбекованың жүргізуімен «Ұшқыр ой мен шешен тіл» атты білім құдығы сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Шара барысында балалар сиқырлы құдықтан қармақпен балық аулап ойнады, ол балықта жазылған мақалдардың қалған жарты бөлігін табу арқылы көптеген керемет сыйлықтарға ие болып мәз-мәйрам болып көңілді болып жарыса балық аулауға құлшыныстарын білдірді.Ойын керемет көңілді өтті.
Өзгент ауылдық кітапханасының кітапханашысы А. Дулатбаева мен N1 Кенттік кітапханасының кітапханашысы А.Ибрагимованың жүргізуімен «Сандықтағы қазына» атты ойын өтті. Балалар сандықтағы кітаптардың жасырылған авторын немесе атын тауып, сыйлықтарға ие болды.
«Кәусар» балабақшасының бүлдіршіндері мен әдіскері М. Мырзахметова, тәрбиешісі Ф.Әуелбекова, Жаңарық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Р.Мырзабаеваның жүргізуімен «Бағдаршам» ойынын ойнатты. Мақсаты: балаларға жол жүру ережесімен таныстырып, бала сезімін кеңейтіп, тілін ұштастырып, жол ережесін жасына сай меңгерту. Көшеде жүру ережесін білу арқылы жолда жүру мәдениетін үйретіп, сақтыққа тәрбиелеу.
«Ақәділ» балабақшасының бүлдіршіндері мен Төменарық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Н.Есіркепова, Құттықожа ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Бейсенбиеваның жүргізуімен «Шынықсаң шымыр боласың!» атты спорттық эстафеталық ойындар өткізілді. Шараның мақсаты: Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың денсаулығын сақтау және нығайту, дене жаттығуларын жасауға қызығушылықтарын арттыру, қимылдық іскерлігін жақсартуға тырысу, оларды дұрыс және нақты орындай білуге үйрету. Балалардың ынталы іскерлігін арттыру, ата – анамен жақсы достық қатынасын қолдау. Балаларды спорттық ойындармен, жаттығулармен таныстыру арқылы ойын техникасын меңгерту. Шараға аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов қатысты. Шара барысында демеушілердің көмегімен балалар арнайы сый-сияпаттармен марапатталды.