ТЫҢ ТӘЖІРИБЕ ЖҰМЫС ЖҮЙЕСІН ТОЛЫҚТЫРАДЫ

24.02.2022 Выкл. Автор editor
ТЫҢ ТӘЖІРИБЕ ЖҰМЫС ЖҮЙЕСІН ТОЛЫҚТЫРАДЫ

Ақмола облысы Бұланды аудандық мәдениет үйінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Әлішер Жәнібекұлы тәжірибе алмасу мақсатында ауданға келді. Ол ежелден дара даңқы бар, ел мақтаныштары Балуан шолақ, ғаламат ғалым Тұрсынбек Кәкішевтей парқы биік перзент шыққан өңірдің өкілі, өнер мен мәдениетті дамыту мақсатында аудандық орталықтандырылған кітапханада болды.

Осы орайда бір шегініс жасаған жөн, Бұланды ауданы 1997 жылы 14-қарашадан құралып, Макинск қаласы аудан орталығы саналады. Жалпы, аудан 1 қала, 11 ауылдық округке біріккен 36 ауылдан тұрады. Қазір ауданда 34 мыңнан аса халық бар. Ұлттық құрамында қазақ 50 пайыз жобасында.

–Ауданда 14 клуб, 30 кітапхана, 30 тарихи ескерткіш, 5 монумент бар. Қазақ тілінде «Бұланды таңы» және орыс тілінде «Вести Буланды» қоғамдық-саяси газеттері жарық көреді. 2005 жылы атақты балуан, композитор Балуан Шолаққа арнап мемориалдық кешен орнатылды. Кітапхана қызметінде кітап қоры бұл жақпен салыстырғанда аз, кадр жеткілікті емес, ол жалақының төмендігіне байланысты, – деді қонағымыз.

Аудандық орталық кітапхана директоры, аудандық мәслихат депутаты Әсемкүл Тілеубергенова бүгінгі іс беталысы барысын егжей-тегжейлі таныстырды.

– Жаңақорған ауданында 36 көпшілік кітапхана жұмыс істейді. Кітап қорымыз 469440 дана кітапты құрайды. Өткен жылы 8422 дана кітап қостық. РАБИС бағдарламасының 4 модулі жұмыс жасайды және онымен толықтай барлық кітапхана қамтылған. Соңғы уақытта сандық форматқа көштік, бүгінде оған 436 дана кітап ендірілген, – деп ол кітапхана қызметінің түрлі жаңашыл жаңалықтарымен бөлісті. Әсіресе «2022 – Балалар жылына» бағытталған жұмыстарға көңілі толды.

Екіжақты келісім негізінде биылғы жылы әріптестік байланыс орнап, тәжірибе алмасу жалғасатын болды.