«Ұлпан»романы бойынша оқырмандар конференциясы

14.03.2022 Выкл. Автор editor
«Ұлпан»романы бойынша оқырмандар конференциясы

14 наурыз күні Жаңақорған аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен №3 мектеп-интернатының 9 сынып оқушылары мен мектеп кітапханашысы Ж.Ильясованың қатысуымен жазушы Ғ.Мүсіреповтың туғанына 120 жыл толуына орай «Ұлпан»романы бойынша оқырмандар конференциясы өткізілді.

Мақсаты: Романдағы кейіпкерлер бейнесін ашу арқылы оқушыларға романның мазмұнын, идеясын, тақырыбын ұғындыру; «Ұлпан» романының қазақ прозасының ішіндегі ана бейнесін жасаудағы шоқтығы биік өнер туындысы екенін таныту, асылдың сынығындай ардақты, киелі тарихи адамдардың бейнесін тани білуге баулу, Ұлпан ананың бойындағы жақсы қасиеттерді дәріптей отырып, үлгі ету, мейірімділікке, ананы сүюге, оқушыларды адамдық рухани қасиеттерді қадірлеуге тәрбиелеу. Кітапханашы Ж.Тулешова жазушы Ғ.Мүсіреповтың өз дәуірінің рухани-мәдени бел–белестерінде өшпес белгі қалдырған, әдебиетіміздің биік тұлғасы тұғырына көтерілген ұлы суреткер, ірі қоғам қайраткері, өзі айтқан әдебиетіміздің «алыптар тобының» аса көрнекті өкілі екендігін айта келе, Ғ.Мүсірепов шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де көрнектісі де «Ұлпан» романы жайлы, өзі тарихта шын болған адам, өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның бейнесі туралы айтып өтті. Оқушылар Есеней мен Артықбай батырдың достығы, Есенейдің Артықбайдың үйіне келуі, Ұлпанды құтқаруы,. Ұлпанды айттыруы, той қамы, Есенейдің билік құруы, ел қарызын өтеуі,  орыс үйіне келуі, тіршілік бейнесі,  Есенейдің құлауы, Ұлпанның Ақнар атануы, айналасы он — он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болуы, қорлыққа шыдай алмаған Ұлпан,  Ұлпанның қарғысына ұшыраған  Торсан туралы  оқиғаларды талдап, талқылады. «Қазақ әдебиетінің майталиандары»  атты кітап көрмесімен кітапханашы З.Садыкова таныстырды.