«Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» атты дөңгелек үстел

07.04.2022 Выкл. Автор editor
«Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» атты дөңгелек үстел

7 сәуір күні Жаңақорған аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ТәжікАуған шекарасындағы бітімгершілік миссиясына қатысқан Қазақстандық жауынгерлердің ерлік істерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов,  Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінің студенттері мен мұғалімдері,  БАҚ өкілдері және кітапханашылар қатысты.

Іс-шараның алғы сөзін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов Тәжік-Ауған шекарасында  басын қатерге тігіп, қайтпас қайсарлықтың, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен ардагерлерге алғысын білдіріп, олардың ерліктерін жастарға насихаттауды жалғастыра беретінін айтты. Шара барысында Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдар туралы түсірілген бейнефильмді тамашалады.

Сондай-ақ аудандық қорғаныс  істері жөніндегі орынбасары Дарбеков Бауыржан батыр сарбаздардың есімі ұрпақтар жадында мәңгілік қаалатындығы мен ерліктерінің ешқашанда ұмытылмайтындығы жайында парасатты пікірін ортаға салды.

Тәжік-Ауған соғысының ардагері Ғ.Куламетов «Пяндж» өзенінің жағасындағы Пшихавр шатқалында болған қақтығысқа қатысқан. Оның айтуынша, қос таудың ортасында орналасқан шекарада күнде соғыс болмаса да, қанды қақтығыстар жиі орын алып тұрды. Тәжік-Ауған шекарасындағы ең үлкен ұрыс, ең көп адам шығыны болған қырғын 1995 жылы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында орын алған еді. Төрт сағатқа созылған қанды қақтығыста  ішкі әскердің 17 жауынгер оққа ұшып, 33 сарбаз түрлі дәрежедегі жарақат алады. Бірақ өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Қаза болған сарбаздарды мәңгі есте қалдыру үшін Тәжік-ауған соғысы құрбандарына арналған ерлік мемориалы жер-жерлерде тұрғызылып жатыр. Ал студенттерге айтарым Отанның және халқыңа берілген патриот ұл-қыздары болыңдар деп тілегін айтып, жастардың отансүйгіштік қасиеттерін дамыту үшін өткізген шараға алғысын білдірді.

Сонымен қатар ер жүрек ағалар да естеліктерімен бөлісіп, студенттердің сауалдарына жауап берді. Шарада №163 орта мектептің оқушысы Әшім Тоғжан «Келер ғасыр… Болады қандай ғасыр?» деген өлең оқып, мектеп оқушылары Абдулла Мұхтар мен Тасболат Азизбек «Сарбаздар» әнін нақышына келтіре орындады. Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжінің мұғалімі, жастар ресустар орталығының мамандары, БАҚ өкілдері тағылымды кештің әсерлі өткенін, жас буынға берер патриоттың тәрбиесі мол екенін айтып, өз лебіздерін жеткізді. Шара соңында аудандық кітапхананың директоры Әсемкүл Манапқызы ерлік көрсеткен ағаларға алғысын білдіріп, шараны қорытындылады.